Етіс – қимыл-әрекеттің субъектіге, қимылдың нысанына қатысын білдіріп

ч. 1 ч. 2 ч. 3
5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» (жеделдетілген), 5В 012100 «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтарына арналған «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы мен морфологиясы»
ПӘНІНІҢ ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР

СЕМЕЙ


2013
Мазмұны
1 Глоссарий

2 Дәрістер

3 Тәжірибелік сабақтар

4 Курстық жұмыс (жоба)



5 Студенттердің өздік жұмысы

1 ГЛОССАРИЙ
Адвербиалдану – сөздің үстеу тобына өтуі

Адъективация – сөздің сын есімдер тобына өтуі

Аффикс – тіл элементі

Грамматика – (грек. – әріп, жазу) тілдің құрылымы, яғни морфологиялық категориялар мен тұлғалар.

Грамматикалық категория – бірыңғай мағынасы бар грамматикалық тұлғалар қатарларының қарама-қарсы қойылатын жүйесі

Деривация – бастапқы тіл бірліктерінен басқа туынды тіл бірліктерін жасау үдерісі.

Қосымша морфема – морфеманың бір түрі

Морфема – (грек.) тілдің негізгі бірлігі, ең кіші таңба

Морфология – (грек. форма және сөз, ілім) тілдегі сөз тұлғалардың құрылысы мен мағынасын айқындайтын тіл механизмдерінің жүйесі

Зат есім - сөйлемде заттық үғымға қатысты ойды білдіретін сөздер.

Сын есім деп заттың әр түрлі сыр-сипатын білдіретін сөздер.

Сан есімдер-сандық ұғымды білдіретін, есімдер тобына жататын сөз табы.

Етістік деп заттардың қимыл-әрекетін білдіретін сөз табы аталады.

Етіс – қимыл-әрекеттің субъектіге, қимылдың нысанына қатысын білдіріп, салт, сабақты етістік жасайтын етістіктің түрі.

Көсемше деп сөйлемдегі негізгі қимылдың жайы-күйін, жанама қимылды білдіретін етістіктің түрі аталады.

Үстеу- қимылдың жайы-күйін, эр түрлі белгілерін сипаттайтын сөз табы.

Еліктеуіш сөздер деп өмірдегі заттардың әр түрлі дыбыстарға еліктеуден немесе заттардың әр қилы көріністерінен пайда болатын сөздер аталады.

Түбір – сөдің лексикалық мағынасын сақтаушы негізгі бөлік.

Шылаулар грамматикалық дамудың нәтижесінде лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық мағынаға көшкен, түрлі грамматикалық қызмет атқаратын тілдік бірліктер.

Одағай – адамның сезімін, көңіл- күйін білдіретін сөз табы.

Сөзжасамдық ұя – бір негізгі түбірден тараған туынды түбірлердің жиынтығы.

Сөзжасамдық тізбек – бір түбірден тараған, бірінен-бірі тікелей туындайтын, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы.

Сөзжасамдық жұп – «негіз сөз – негізді сөз» қатынасы.

Сөзжасамдық тип – әр сөз табының туынды сөздерінің жасалу үлгісі. Сөзжасамдық типті белгілеуде негізгі үш белгісіне сүйенген жөн: 1) негіз сөздері бір сөз табынан болуы; 2) негіз сөздер мен туындылардың мағыналық қатысы ұқсас болуы; 3) сөзжасам тәсілінің бірлігі, синтетикалық тәсілде бір аффикс арқылы жасалуы.

Сөзжасамдық үлгі – туынды сөздердің нақтылы жасалу үлгісі, сөзжасамдық типтен гөрі тар ұғымда қолданылады.

Сөзжасамдық тарам – бір түбірден сөзжасамдық бір сатыда жасалатын туынды түбірлердің тобы.

Сөзжасамдық саты – бір түбірден тараған, құрамындағы жұрнақтардың жалғану ретіне қарай сатылай орналасқан туынды сөздердің жиынтығы. Сөзжасамдық саты жұрнақтардың жалғану ретіне қарай, өз ішінде тік қатардағы сатылар және көлденең қатардағы сатылар болып екіге бөлінеді.

Негіз сөз – туынды түбір жасауға қатысқан лексикалық мағынасы бар сөз. Негіз сөз негізгі түбірден де, туынды түбірден де болуы мүмкін.

Негізді сөз – құрамындағы негіз сөзімен салыстырғанда, морфемдік те, мағыналық та құрылымы күрделі сөз.

Негізсіз сөз – сөзжасамдық тізбектегі негізгі түбір, яғни бірінші сөз. Негізсіз сөз деп аталу себебі, оған негіз болып тұрған сөз жоқ.

Негіз емес сөз – сөзжасамдық тізбектегі соңғы туынды түбір. Негіз емес сөз деп аталу себебі, ол тізбекте ешқандай сөзге негіз болмайды.

Туынды сөздер – өмірде пайда болған жаңа ұғымдарды атау қажеттігін өтеу үшін, тіліміздегі сөзжасам тәсілдері арқылы, сөзжасам заңдылықтары негізінде жасалған сөздер.

Туынды түбір – синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөз. Туынды түбір құрамы жағынан алғанда, екі морфемадан тұрады, олар: негіз сөз және сөзжасамдық жұрнақ. Туынды түбірдің мағынасы негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтың мағынасынан жасалады.

Синтетикалық тәсіл – «синтез» (қосу) деген сөзден қалыптасқан термин. Ең түпкі мағыналы бөлшек негізгі түбірге жұрнақтар жалғау арқылы жаңа сөз жасау жолы.

Аналитикалық тәсіл – екі немесе одан да көп түбірлердің бірігуі, не қосарлануы, не тіркесуі, не қысқаруы арқылы жаңа сөз жасау жолы.

Лексика-семантикалық тәсіл – белгілі бір сөздің жаңа мағынаға ие болуы арқылы жаңа сөздің жасалу жолы.

Сөзжасамдық тәсілдер туынды сөздің жасалу жолдары туралы ғылым.

2 ДӘРІСТЕР

1 модуль. Сөзжасам пәні, оның зерттеу нысандары. Сөзжасамның тілдің басқа салаларымен байланысы.

№1дәріс тақырыбы: Сөзжасам - тіл білімінің жеке саласы.

1. Сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы екені.

2. Сөзжасам жүйесін зерттеуші ғалымдар және олардың еңбектері.

3.Сөзжасамның тіл білімінің негізгі салаларымен байланыстылығы.


Сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы болып танылу оның өзіндік зерттеу нысаны болумен байланысты. Сөзжасам тілдің сөзжасам жүйесін, сөзжасамдық бірліктерді, сөзжасам заңдылықтарын, сөзжасамның амал-тәсілдерін, сөзжасам арқылы жасалған туынды сөздерді, әр сөз табының сөзжасамын т.б мәселерді зерттейді яғни тілдің сөзжасам жүйесін зерттейді.


Сөзжасамды жеке сала деп тануды орыс тіл білімінде алғаш ұсынған академик В.В. Виноградов болды. Ресейде сөзжасам мәселесін зерттеп, ол туралы дәлелді пікір айтқан, сөзжасамның өзіндік зерттеу нысанасы барын, оның тіл білімінің басқа салаларынан ерекшелігін ашқан, басқа салалармен байланысын да көрсете білген ғалымдар болды. Олардан Г.О Винокур,Е С Кубряков, Е А Земская, Н Д Арутюнова, А Н Тихонов,И. С. Улухановтарды атауға болады. Сөзжасамды тіл білімінің жеке саласы деп тану мәселесі шетел ғалымдарының зерттеуінде де дәлелденді.

Сөзжасам мәселесі туралы ғалымдар зерттеулері қазақ тілі ғалымдарына да әсер етті, осы мәселені зерттеуге игі ықпал жасады. 1984-1988 жылдары академияның тіл білімі институтының грамматика бөлімінің қызметкерлері сөзжасам мәселесін арнайы зерттеді. Зертеудің нәтижесінде 1989 жылы “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы” деген атпен монография болып шықты. Бұл сөзжасам мәселесін жаңа тұрғыдан зерттеген зерттеудің нәтижесі болды. Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы оның тіл білімінің басқа салаларымен байланысын жоққа шығармайды. Тіл білімінің салаларының ішінен сөзжасамның морфологиямен байланысы ертеден-ақ назарға іліккен. Сондықтан да сөзжасам соңғы кезге дейін көп тілде морфологияның құрамында қаралып келеді. Бұл екі саланың байланысты болатын себебі екеуі де сөздің ең кішкене бөлшегі морфемамен байланысты. Сөзжасам мен синтаксистің байланысы да тілде белгілі орын алады. Сөзжасам нәтижесінде жасалған туынды сөздер сөздік қорға қосылып, тілдегі басқа сөздер сияқты лексикологияның зерттеу нысанасына түседі.



Бақылау сұрақтары:

1.Сөзжасам тіл білімінің дербес саласы екендігінің себептері қандай?

2.Сөзжасам нені зерттейді?

3.Сөзжасам тілдің басқа салаларымен байланысты ма ?



Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.

2.Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.

3.Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.

4.Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.

5.Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.

6.Қалиев Ғ. Қазақ тілінің сөзжасам мәселелері. Алматы, 2002ж.
2 дәріс тақырыбы: Сөзжасамдық тәсілдер

1.Қазақ тіліндегі сөзжасамның қалыптасқан тәсілдері

2.Сөзжасамның синтетикалық тәсілінің сөзжасамда алатыны орны.
3.Сөзжасамның аналитикалық тәсілі

4.Сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі


Туынды сөздің жасалу жолдары ғылымда сөзжасамдық тәсілдер деп аталады. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде көне замандардан бері қарай қолданылып әбден орныққан, қалыптасқан негізгі тәсілдері мыналар:
1) синтетикалық тәсіл,
2) аналитикалық тәсіл,
3) лексика-семантикалык тәсіл.
Синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасауда екі тілдік бірлік қызмет атқарады: 1) лексикалық мағыналы сөз, 2) сөзжасамдық жұрнақ.
Туынды сөз жасауға қатысатын лексикалық бірлік туынды сөздің мағынасына арқау болады. Сондықтан да туынды сөз жасауға лексикалық мағыналы сөздер ғана қатысады. Мысалы, жүлдегер, ақта, ақылды, бәлеқор сияқты туынды сөздердің жаңа мағынасы жүлде, ак, ақыл, бәле сөздерінің негізінде жасалған, сондықтан олар негіз сөздер деп аталады. Негіз сөз дегеніміз - туынды сөздің лексикалық мағынасына арқау болатын сөз. Сөзжасамның аналитикалык, тәсілі. Аналитикалық тәсіл деп екі я онан да көп сөзден бір лексикалық мағыналы сөздің жасалуы аталады. Қазақ тілінде аналитикалық тәсіл жиі қолданылатын, өнімді тәсіл болумен бірге, оның іштей бірнеше түрі бар:

1) сөзқосым, 2) қосарлау, 3) тіркестіру, 4) қысқарту сияқты аналитикалық тәсілдің төрт түрі бар.Бұлардың әрқайсысы да тілдің сөзжасамында өнімді қызмет атқарады, олар арқылы жасалған туынды күрделі сөздер тілде ете мол.

Сөзжасамның лексика-семантикалык тәсілі. Лексика-семантикалық тәсіл арқылы, зат есімге заттану арқылы көшкен сөздер өте көп: бүлдірген, ағарған, қорған,қамал, айтыс, қоршау, ақ, асар, жетісі, екпін, тіл т.б.
Лексика-семантикалык тәсіл арқылы сөздің жаңа мағынаға көшуіне байланысты сөз бір сөз табынан екінші сөз табына ауысады, оны ғылымда конверсия деп атайды. Конверсия жолымен жаңа сөздің жасалуы - өте көп тараған тәсіл, оның ішкі ерекшеліктері де бар. Сөздің жаңа мағынаға ие болуы, сол арқылы басқа сөз табына көшуі түрлі жолмен іске асады. Оның ішінде ғылымда заттану (субстантивация)-тілдерге кең тараған түрі. Ал заттану - көбіне ықшамдау зандылығына байланысты болатын қүбылыс.

Бақылау сұрақтары:

1.Сөзжасамдық тәсілдер дегеніміз не?

2. Қазақ тілінің сөзжасамның қандай негізгі тәсілдері бар?

3. Сөзжасамның синтетикалық тәсіліне қандай белгілер тән ?

4.Сөзжасамның аналитикалық тәсілі дегеніміз не?
5.Сөзжасамның лексика-семантикалык тәсілі қалай жасалады?
Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.

2. Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.

3. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.

4. Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.

5. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.


3 дәріс тақырыбы: Сөзжасамның негізгі теориялық ұғымдары.

1. Туынды сөздер жайлы түсінік.

2. Сөзжасамдық ұя ұғымы.

3. Сөзжасамдық тұлға-сөзжасамның негізгі ұғымы.

4. Сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық тип ұғымдары.

5. Сөзжасамдық үлгі-сөзжасамның негізгі ұғымының бірі.
Сөзжасамның негізгі теориялық ұғымдарына сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық парадигматика мен синтагматика, сөзжасамдық үлгі мен тип, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық мағына, туынды сөз, негіз сөз, екіншілік мағына, сөзжасамдық мағына жатады.
Туынды сөздер деп сөзжасамдық тәсіл арқылы сөзжасамдық бірліктердің бір-бірімен қарым-қатысқа түсуінен жасалған сөздер айтылады. Мысалы, толқын, білім, сұрақ, бозар, көгер, алып кел т.б.

Сөзжасамдық ұя - сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөзжасамдық ұя дегеніміз-жаңа сөзжасамдарға негіз болатын, ортақ, өзек мағына қалыптастыратын сөздердің жиынтығы. Сөзжасамдық тұлға-сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөзжасауға қатысатын ерекше тұлғалық және семантикалық суффикс түрінде де болуы ықтимал. Сөзжасамдық мағына – сөзжасамдық үдерісте қалыптасқан туынды мағына. Сөзжасамдық тип деп бір сөз табынан белгілі бір жұрнақ арқылы жасалған ұқсас мағыналы туынды сөздердің жасалуы аталады. Сөзжасамдық үлгі-сөзжасамның негізгі ұғымының бірі. Сөзжасамдық үлгіні анықтауда мынадай белгілерге сүйену керек:негіз сөздің қай сөз табына жататыны; негіз сөз бен туынды сөздің семантикалық арақатынасы;сөз тудырушы негіз сөз бен сөзжасамдық тұлғаның сыртқы формасы мен туынды сөздің сыртқы формасының сәйкес келуі; Мысалы:келе-шек, бола-шақ; оқу-шы, жүргізу-ші, жазу-шы т.б. Сөзжасамдық тізбек-бір сөзжасамдық ұядан немесе негізгі сөзден тараған туынды сөздер тізбегі, яғни бір түбірден тараған бірінен-бірі тікелей туындайтын, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы.



Бақылау сұрақтары:

1. Туынды сөздер дегеніміз не?

2. Сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тұлға қалай жасалады?

3. Сөзжасамдық тип, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық тарам дегеніміз не?



Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.

2. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.

3. Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.

4. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.

5. Қалиев Ғ. Қазақ тілінің сөзжасам мәселелері. Алматы, 20002ж.


4 дәріс тақырыбы: Сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық тарам, сөзжасамдық саты.

1. Сөзжасамдық тізбек

2.Сөзжасамдық тарам

3. Сөзжасамдық саты


Сөзжасамдық ұяның мүшелерінің негізгілерінің бірі - сөзжасамдық тізбек. Қазақ тіл білімінде сөзжасамдық тізбек мәселесі тұңғыш рет ілгеріде аталған "Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі" атты монографияда көтерілді, сөзжасамдық тізбек термині ғылыми айналымға алғаш сонда түсті. Бір түбірден тараған, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы сезжасамдық тізбек деп аталады. Сөзжасамдык тізбектің қайсысын алсақ та, оның құрамындағы туынды түбірлер бір түп негіз сөзден бастау алады. Олай болса, тізбек атаулы түп негіз сөзден өрбиді, яғни сөзжасамдық тізбектің құрамында міндетті түрде түп негіз сөз болуы шарт. Түп негіз сөзсіз сөзжасамдық тізбек болмайды, түп негіз сөз сөзжасамдық тізбектің негізгі мүшесі. Сөзжасамдық тізбектің келесі мүшесі - түп негіз сөзден жасалған туынды түбір сөздер. Тізбектің құрамындағы туынды сөз біреу де, бірнешеуде бола береді. Мысалы, жұп-жұптық; жыр-жырла-жырлас;зар-зарла-зарлат-зарлатқыз. Осы мысалдағы 1 -тізбекте бір ғана туынды сөз бар, 2-тізбекте екі туынды түбір, 3-тізбекте үш туынды түбір бар. Бұл туынды сөздердін санының тізбекте түрлі болатынын көрсетті. Сонда тізбектегі түп негіз сездің саны тұрақты болады да, туынды сөздің саны тұрақсыз болатыны анықталды. Бұл екеуі де - сөзжасамдық тізбектің негізгі мүшелері.


Сөзжасамдық тарам термині словообразовательная парадигма мәнінде қодданылды. Осы термин орыс тіл білімінде де кейінгі кезде қолданыла бастады. Бұрын тарам термині морфологияда ұзақ уақыт қолданылғаны белгілі, мысалы септік тарамы (парадигмасы), жіктік тарамы (парадигмасы) сияқты қолданыс ғылымда әбден таралған, таныс ұғымға айналған. Бұл термин барлық тіл біліміндік сөздіктердің бәрінде сөз түрлендіру жүйесі мәнінде түсіндірілген.
Соңғы кезде сөзжасамдық тарам (словообразовательная парадигма) термині қолданыла бастады. Морфологиялық тарамда да бір сөз түрлі сөз түрлендіруші қосымшалар арқылы түрленеді. Сөзжасамда да бір сөзден бірнеше түрлі сөз жасалады. Морфологиялық тарамдар жиі қолданылады. сөзжасамдық тарамдар әлдеқайда сирегірек қолданылады және сөзжасамдық тарамдағы создердің лексикалық мағынасында айырма болса, морфологиялық тарамдағы сөздердің лексикалық мағынасында айырма болмайды да, айырма тек грамматикалық мағынада болады.

Сөзжасамдық саты деп негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтан тұратын сөзжасамдық ұядағы туынды түбірлердің жасалу ретін білдіретін тілдік бірлік аталады. Сөзжасамдық тарам (парадигма) деп тік қатардағы бір сатыда бір негіз сөзден өрбіген туынды сөздердің жиынтығы аталады.



Бақылау сұрақтары:

1. Сөзжасамдық тізбек дегеніміз не?

2. Сөзжасамдық тарам дегеніміз не?

3. Сөзжасамдық тарам дегеніміз не?



Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.

2. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.

3. Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.

4. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.

5. Қалиев Ғ. Қазақ тілінің сөзжасам мәселелері. Алматы, 20002ж.


2 модуль. Грамматика және оның салалары. Негізгі грамматикалық ұғымдар. Сөздің морфологиялық құрылымы.

5 дәріс тақырыбы: Грамматиканың зерттеу нысаны, салалары, зерттеу мақсатына қарай грамматиканың түрлері.


1. Грамматика ғылымы туралы түсінік.

2. Зерттеу мақсатына қарай грамматиканың түрлері.

3. Қазақ тілі морфологиясының зерттелу тарихы, қазіргі жай-күйі.
Грамматика — тілдің грамматикалык құрылысын зерттейтін ғылым. Адам ойды білдіру үшін ойын жеткізуге кажет сөздерді қолданады, бірақ жеке сөздер байланысты ойды білдіре алмайды. Байланысты ойды білдіру үшін, сөздер грамматикалық құрылыс бойынша бір-бірімен байланысады. Сөздерді бір-бірімен байланыстыратын заңдылықтарды грамматиканың морфология саласы зерттейді. Демек, морфология деп тілдің морфологиялық құрылысын зерттейтін ғылым, яғни сөздің грамматикалық түрлену сипатын зерттейтін ғылым аталады. Синтаксис сөз тіркесін, сөздердің өзара байланысу формаларын, сөйлемді т.б. зерттейтін ғылым.Тіл-тілдің өзара бір-бірімен байланысты екі жағы болады. Оның бірі-тілдің сөздік, екіншісі-тілдің грамматикалық жақтары. Сөздің грамматикалық қасиеті сөздің сыртқы тұлғасы арқылы да, оның мағынасы арқылы да көрінеді. Сөздің грамматикалық мағынасы, ол мағынаны білдіретін көрсеткіштері морфологияның мәселесіне жатады.

Сөздің грамматикалық мағынасы да, ол мағынаны білдіретін көрсеткіштері де сөздердің мағыналық топтарына байлаулы болады. Сондықтан морфология сөз таптарын да зерттейді. Грамматиканың екі бөлімі бар, олар: морфология мен синтаксис. Грамматиканың бұл екі саласы бір-бірімен тығыз байланысты. Зерттеу мақсатына қарай грамматика салыстырмалы, салғастырмалы, тарихи, сипаттамалы деген түрлерге бөлінеді.Қазақ тілі морфологиясын зерттеген ғалымдар қатарына Ы.Маманов, А.Ысқақов, Ж.Шакенов, С.Исаев, А.Қалыбаева,Н.Оралбаева, Ө.Төлеуов, Ә.Хасенов, Ш.Сарыбаев тәрізді ғалымдарды жатқызуға болады.



Бақылау сұрақтары:

1. Грамматика нені зерттейді?

2. Морфология және синтаксис бөлімі нені зерттейтін ғылым?

3. Зерттеу мақсатына қарай грамматика қандай түрлерге бөлінеді?

4. Қазақ тілі морфологиясын зерттеген ғалымдар кімдер?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991. – Б. 3-12.

2.Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А., 2007. – Б. 3-14.

3. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998.


6 дәріс тақырыбы: Негізгі грамматикалық ұғымдар.
1. Сөз – лингвистикалық зерттеулердің негізгі объектісі.

2. Грамматикалық ұғымдар (грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық тәсіл, грамматикалық категория, құрылым)


Сөз дегеніміз – қыры-сыры мол, күрделі тілдік категория. Сөз – айналамыздағы зат я құбылыс жайындағы ұғымның аты я атауы болса, әрине ол атаудың қоғамдық өмірде өзіне телінген мағынасы да болады. Адам өзара сөйлескенде жеке лексикалық сөз арқылы білдіруге болмайтын неше алуан мағыналардың бәрін де тек грамматикалық амал-тәсілдердің көиегі арқылы ғана түсінікті етіп айта алады. Әрбір тілдің өзіне тән грамматикалық амал-тәсілдерінің жиынтығы тілдің грамматикалық құрылысы деп аталады. Грамматикалық мағына дегеніміз – сөздің нақтылы лексикалық мағынасымен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін я сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде туатын жалпы мағынасын айтамыз. Қазақ тілінде грамматикалық мағынаны білдіретін қосымшалар мыналар: 1) жалғау, 2) нөлдік қосымша, 3) грамматикалық жұрнақ.

Грамматикалық құбылыстың өзіне тән грамматикалық мағынасы мен сол мағынаны білдіретін грамматикалық тәсілі үнемі бірлікте болады. Грамматикалық мағына - грамматикалық құрылыстың мазмұны болса, грамматикалық тәсіл сол мазмұнды білдіретін формасы. Сондай жалпы грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық амал-тәсілдер грамматикалық формалар деп аталады.

Грамматикалық сөзтұлға белгілі бір грамматикалық мағынаны білдіруі шарт. Грамматикалық сөзтұлға екі түрлі болады: 1) синтетикалық сөзтұлға, 2) аналитикалық сөзтұлға. Синтетикалық сөзтұлға деп грамматикалық категорияның қосымшалары арқылы түрленген сөздер аталады. Аналитикалық сөзтұлға деп грамматикалық мағынаның көмекшілері яғни аналитикалық форманттары арқылы түрленген сөздер аталады.

Грамматикадағы негізгі мәселеге грамматикалық категория жатады. Грамматикалық категория деп бір тектес жүйелі грамматикалық мағыналардан түратьш және оларды білдіретін арнайы грамматикалық көрсеткіштері бар тілдік қүбылыс аталады. Грамматикалық категориялар морфологиялық және синтаксистік болып бөлінеді.



Бақылау сұрақтары:

1. Грамматикалық мағына дегеніміз не?

2. Грамматикалық форма дегеніміз не?

3. Грамматикалық категория дегеніміз не?



Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991. – Б. 3-12.

2.Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А.,2007. – Б. 3-14.

3. Исаев С. . Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998.


3 модуль. Сөздің морфологиялық құрамы мен жасалу жолдары.
7 дәріс тақырыбы: Сөздің морфологиялық құрамы. Қосымшалардың түрлері, пайда болу, даму жолдары. Жұрнақтардың құрамы, түрлері.
1.Морфология зерттейтін негізгі мәселелердің бірі- морфема.

2. Морфемалар мен жұрнақтар.

3. Жұрнақтардың мағыналары және қолданылу ерекшеліктері.

Сөздің лексикалық я грамматикалық мағыналарын білдіретін бөлшектерді морфемалар деп атайды. Морфема дегеніміз - сөздің ары қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналық бірлігі. Морфема түбір морфема, аффикстік морфема болып екіге бөлінеді. Мысалы, оның анасы кім? дегендегі ана+сы сөзінде екі морфема бар. Ана — түбір морфема, -сы (тәуелдік жалғауы) — аффикстік морфема. Оның деген сөз де солай: о — түбір морфема, ның — аффикстік морфема, кім - түбір морфема. Морфемалар мағынасы мен қызметі жағынан әр түрлі. Морфеманың өзіне тән мағынасы(мазмұны) және өзіне тән сыртқы дыбыстық жамылышы (формасы) болады. Морфемалар түбір морфема және қосымша морфема деп екіге бөлінеді|Морфемалардың ішінде негізгі лексикалық мағынаны білдіретіндері, грамматикалық мағынаны білдіретіндері де бар.

Түбір морфема – сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең түпкі негізі.

Мысалы: айт, тіл. Қосымша морфемалар деп түбірге қосылып, оған қосымша мағыналар үстейтін мағыналарды айтамыз.Мысалы: тіл-і, тіл-сіз, айт-ыл, айт-ылар, айт-атын. Қосымша морфемалар сөз тудыратын және форма тудыратын қосымшалар (морфемалар) жұрнақтар деп, сөз бен сөзді байланыстыратын қосымшалар (морфемалар) жалғаулар деп аталады.

Сөз тудыратын жұрнақтар өзі қосылып айтылған сөздерінен жаңа туынды сөз жасайтын болғандықтан (лексика-грамматикалық) категория қатарына жатады, форма тудыратын жұрнақтар өзі қосылып айтылған сөзінің белгілі бір сөз табына тән грамматикалық қызметін анықтау үшін қолданылатын болғандықтан, функционалды-грамматикалық категория қатарына жатады. Түбір морфемадан сөз тудыратын аффикстерді - сөз тудырушы аффикстер дейміз. Сөз тудырушы аффикстердің мағынасы деривациялық мағына деп аталады. Сөз бен сөзді байланыстырып, олардың бір-біріне қатынасын білдіретін аффикстер — сөз түрлендіруші аффикстер, ал олардың грамматикалық мағыналары реляциялық мағына деп аталады.

Ал жалғаулар сөйлем ішіндегі сөздерді бір-бірімен байланыстыратын категория болғандықтан, таза грамматикалық категорияға жатқызылады.

Құрылымы мен құрамы жағынан жұрнақтар жалаң және құранды жұрнақтар болып екіге бөлінеді.

Жалаң жұрнақ мағына, форма жағынан да бөлшектенбейтін бір бүтін жұрнақ. М/ы: -ім, -пе, -шы, -қыш, -шік, -лік

Құранды жұрнақтар: -ымды, -імді, -малы, -мелі, -қылықты, -кілікті т.б.

Жұрнақтар мынадай топтарға бөлінеді:



  1. Төл және кірме жұрнақтар

  2. Көне және жаңа жұрнақтар. Тірі және өлі жұрнақтар

  3. Жалаң және құранды жұрнақтар

  4. Дара мағыналы және көп мағыналы жұрнақтар

  5. Синоним және омоним жұрнақтар

  6. Құнарлы және құнарсыз жұрнақтар

Бақылау сұрақтары:

1.Сөз және оның морфологиялық құрылымы неден тұрады?

2. Морфемалар дегеніміз не?

3. Түбір морфема мен қосымша морфемалар дегеніміз не?

4.Жұрнақтар мен жалғаулар қандай топтарға бөлінед?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998.

2.Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. А., 1972.

3.Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

4.Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А.,2007.
8 дәріс тақырыбы: Жалғаулар, оларға тән белгілер. Көптік категориясы мен көптік жалғау. Тәуелдік категориясы және тәуелдік жалғау.
1.Жалғаулардың жалпы сипаттамасы.

2.Жалғаулардың түрлері.



  1. 3.Жалғаулардың байланысу тәсілдері.

  2. 4. Көптік категориясы мен көптік жалғау.

  3. 5.Тәуелдік категориясы және тәуелдік жалғау

Жалғаулар сөйлемдегі жеке сөздерді өзгертіп, түрлендіру арқылы оларға белгілі грамматикалық мағына үстейтін морфологиялық формалар болып есептеледі. Қазақ тілінде жалғаулардың төрт түрі бар: көптік, тәуелдік, септік, жіктік.Көптік категориясы мен көптік жалғау. Көптік категориясы — тілдердің барлығына тән. Ол бір заттың көп затты ажырата білу үшін қолданылады. Жекелік пен көптік зат есімдер арқылы және есімдіктер (әсіресе жіктеу есімдіктері) арқылы анық байқалады. Көптік категориясының әр түрлі тілдерде өзіндік ерекшеліктері болады. Орыс тілінде тек көпше түрінде қолданылатын очки, брюки, ножницы деген сияқты сөздер казақ тілінде жекеше түрде қолданыла береді. Мысалы: көзілдірік, шалбар, қайшы.


Көптік категориясы сан есімдерге де тән емес. Бірақ кейде сан есімдерге, соның ішінде есептік сандарға көптік жалғауы жалғанады. Мысалы: сағат алты+лар+да, жасы алпыс+тар+да. Мұнда көптік жалғауы көптік мағынаны емес, болжалдық мағынаны білдіріп тұр. Бұларды сағат алты шамасында, жасы алпысқа жуық деп түсінеміз. Егер сын есімдер көптік формада қолданылса, олар міндетті түрде субстантивтенеді, яғни заттанады. Мысалы: Жақсы+лар келді, Сұлу+лар жиналды, т.б.
Көптік категориясы тек қана зат есімдерге ғана емес, сонымен бірге, есімдіктерге, оның ішінде жіктеу есімдіктеріне де тән категория.

Тәуелдік жалғау меншіктілік, тәуелдік мағынаны білдіреді. Тәуелдік жалғау жақтық мағыналы қосымша болғандықтан, ол 3 жақта анайы, сыпайы, жекеше, көпше түрде қолданылады, олардың әрқайсысының жалғауы бар, Осымен байланысты тәуелдік жалғау - қазақ тілінде сирек кездесетін көп мағыналы қосымша. Ол бір (контексте) қолданыста әрі тәуелдік мағынаны, жақтық мағынаны, жекешелік, көптік мағынаны, анайы, сыпайылық мағынаны білдіреді, мысалы, Құныңды біл, Бағаңды үқ, Адамнан да күтеріміз адамдық. (Қ.М.). Осы сөйлемдегі құныңды, бағаңды, күтеріміз деген сөздер тәуелдік жалғаудың 2-жағы мен 1-жағында қолданылған. Осындағы құныңды, бағаңды, сөздеріндегі - ың, -ің жалғаулары тәуелдік мағынаны, 2-жақ мағынасын, анайылық, жекешелік мағыналарды білдіріп тұр. Ал, күтеріміз деген сөздегі тэуелдік жалгау, 1 -жақ мағынасын, көпше мағынаны, тәуелдік мағынаны білдіреді. Тәуелдік жалғаулары сегіз қосымшадан түрады. Зат есім тәуелдік жалғауларының барлық қосымшасымен түрлене алады. Мысалы,



Менің үйім Біздің үйіміз

Сенің үйің Сендердің үйлерің

Сіздің үйіңіз Сіздердің үйлеріңіз

Оның үйі Олардың үйлері

Осылайша сөздің тәуелдік жалғаулары арқылы түрлену жүйесі тәуелдік парадигмасы деп аталады, кейде оны морфологиялық парадигма деп те атайды. Парадигмадағы сөз түрлі түлғада түрленген грамматикалық мағыналы сөздерге жатады.



Бақылау сұрақтары:

1. Жалғаулар дегеніміз не? Қазақ тілінде жалғаулардың неше түрі бар:?

3. Көптік категориясы не үшін қолданылады?

4. Тәуелдік жалғау қандай мағынаны білдіреді? Тәуелдік парадигмасы дегеніміз не?



Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Қазақ тілінің грамматикасы Алматы,1967

2.Қазақ грамматикасы Астана, 2002

3.Маманов Ы.Қазіргі қазақ тілі Алматы,1966

4. Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі. Морфология Алматы, 1991
9 дәріс тақырыбы: Септік жалғауы, тарихы, зерттелуі. Жіктік жалғау, зерттелуі, тарихы, оның мағынасы, жалғаулары, синтаксистік қызметі.
1. Септік категориясы және септік жалғауы, тарихы, зерттелуі.

2.Септеудің екі түрі: жай және тәуелді септеу, оларға тән ерекшеліктер.

3.Атау септігі, сұраулары, синтаксистік қызметі.

4. Ілік септігі, табыс септігінің жалғаулы және жалғаулықсыз қолданылуы.

5. Барыс септігі, жатыс септігі, көмектес септік оның мағынасы, сұраулары, жалғаулары, синтаксистік қызметі.

6. Жіктік жалғау, зерттелуі, тарихы, оның мағынасы, жалғаулары, синтаксистік қызметі.


Септік категориясы есім сөздерге тән. Заттар мен құбылыстар арасындағы әр түрлі қатынастар әр түрлі септік арқылы көрініс табады. Мысалы: үй+дің терезе+сі — меншіктеуші қатынас, үй+ге бара+мын - бағытты білдіреді. Басқа септіктердің бәріне негіз болып тұрған септік – атау. Сондықтан да, оны кейде негізгі септік деп атайды, ал қалғандарын жанама септіктер деп атайды. Атау септігінде дербестік бар. Ол негізінен атауыштық қызмет атқарады.Түркі тілдерінде атау септігінің өзіне тән көрсеткіші жоқ. Басқа септіктердің өзіне тән ондай жалғаулары бар. Олар міндетті түрде басқа бір сөзбен тіркесіп айтылады, жеке қолданыла алмайды. Оларда (жанама септіктерде) тиянақтық жоқ деуіміз сондықтан.
Септік жалғауы сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен қарым-қатысынан туатын әр түрлі грамматикалық мағынаны білдіретін болғандықтан, оның жалғаулары да, мағыналары да әр түрлі. Ал, қазақ тілінде 7 септік бар, олардың әрқайсысы бірнеше грамматикалық мағына береді. Сөзге қандай жалғаулардың жалғанғанына қарап, ол сөздің қай септікте тұрғаны ажыратылады және олардың сұрақтары әр түрлі.Зат есім мен есім сөздердің қайсысы болса да, септік жалғаулары арқылы түрлене алады. Сөздің септік жалғаулары арқылы түрленуі септік парадигмасы деп аталады.

Жіктік жалғау - қимыл-әрекеттің, істің жақтық мағына арқылы кімге қатысты екенін білдіретін қосымша. Осымен байланысты жіктік жалғауы сөйлемде баяндауыш сөзге жалғанып, қимыл-әрекеттің, істің иесі бастауышпен оны байланыстырады. Ал баяндауыш негізінен етістіктен болатындықтан. жіктік жалғауы көбіне етістікке жалғанады, бірақ жіктік жалғауы баяндауыш болған басқа сөз таптарына да жалғана береді. Мысалы, Мен ақынмын, жалынмын, Шапшып көкке тиемін. (М.Ж.).

Жіктік жалғаулары жалғанған сөзіне жақ мағыналарын, жекешелік, көпшелік мағынаны, анайылық, сыпайылық мағыналарын үстейді, қосады. Бұл мағыналар жіктік жалғау жүйесінде әр түрлі қосымшалар арқылы беріледі. Жіктік жалғаулардың сөзді түрлеңдіру жүйесі жіктік жалғау парадигмасы деп аталады.

Бақылау сұрақтары:

1. Септік категориясы қай сөздерге тән?

2. Қазақ тілінде неше септік бар?

3. Қазақ тіліндегі әр септіктің әрқайсысы қандай грамматикалық мағына береді, ол қандай қызмет атқарады?

4. Жіктік жалғау дегеніміз не?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Қазақ тілінің грамматикасы Алматы,1967

2.Қазақ грамматикасы Астана, 2002

3.Маманов Ы.Қазіргі қазақ тілі Алматы,1966

4. Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі. Морфология Алматы, 1991
10 дәріс тақырыбы: Сөз формалары және олардың жасалу тәсілдері мен түрлері.
1. Сөз формалары және олардың түрлері.

2.Сөздің негізгі түрлері. Құрамына қарай жалаң және күрделі сөздер.

3. Жалаң сөздер: негізгі және туынды түбір туралы. Қазақ тіліндегі негіз бен түбір ұғымдары. Негізгі түбір және түбір морфема ұғымдары.
Сөз формасы деп оның (сөздің) морфологиялық құрамындағы бөлшектерінің, синтаксистік байланыс-жалғас тәсілдерінің өзара бір-бірінен ерекшеленіп бөлінерліктей және соған орай қосымша мағыналарды білдірерліктей әр алуан түрлерін айтамыз. Сөздерді түр-тұрпатына, тұлғаларына қарай айқындау кеңестік дәуірдегі қазақ тіл білімінде алғашқы күндерден бастап-ақ оқыту ісіне арналған грамматикалар мен оқулықтар жүйесінде дараланып көрсетіле бастаған. Ал оның ғылыми талдау жасалып, тілдік зерттеу негізінде теориялық анықтамаға ие болуы 30- жылдардан бастап айқындалған деп айтуға болады. Сөз тұлғасы (немесе сөздің түрлері) жайында еңбектер сан жағынан көп емес. Бұл мәселе жөніндегі арнайы пікірлерді біз Қ. Жұбанов, А. Ысқақов, Ә. Қайдаровтың еңбектерінен кездестіреміз. Қазақ тілінде сөз формалары морфологиялық, синтаксистік тәсіл арқылы да жасалады. Сөздер формалық нұсқаларына қарай жалаң және күрделі сөздер болып екіге бөлінеді.

Жалаң сөз деп құрамында бір ғана негізгі түбір бар сөздерді айтамыз да, күрделі сөз деп құрамында ең кемінде екі не одан да көп негізгі түбір бар сөзді айтамыз Жалаң сөз дегеніміз — құрамында түбір сөздер мен түбірге жұрнақ жалғану арқылы жасалған туынды түбір сөздер. Мысалы: бас, бастық, басшы, басқар, басқарма деген сөздердің бәрі бірдей түбір сөздер емес, — түбірлес сөздер.Олардың ішінен тек бас деген сөз ғана түбір сөз болады. Жалаң сөздер іштей түбір сөз және туынды сөз болып бөлінсе, күрделі сөз ішінара біріккен сөз, кіріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз болып бөлінеді. Сөздің өз алдына тұрып мағына бере алатын, әрі қарай бөлшектеуге келмейтін түпкі мағыналы бөлшегі, түбір немесе негізгі түбір, немесе түбір сөз деп аталады.М/ы: бас, бастық, басшы, басқар, юасқарма дегендердің бәрі бірдей түбір сөздер емес, түбірлес сөздер.

Туынды сөздер деп, жұрнақтар арқылы негізгі түбірлерден өрбіген сөздерді айтамыз. Туынды түбірге сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалған туынды сөздер ғана жатады.

Бақылау сұрақтары:

1. Сөз формасы дегеніміз не?

2. Қазақ тілінде сөз формалары қандай тәсіл арқылы жасалады?

3. Сөздер формалық нұсқаларына қарай қалай бөлінеді?

4. Жалаң сөз, күрделі сөз дегеніміз не?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.

2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А., 2007.

3. Қазақ тілінің грамматикасы. Алматы,1967

4. Қазақ грамматикасы Астана, 2002

5. Маманов Ы.Қазіргі қазақ тілі Алматы,1966

11 дәріс тақырыбы: Күрделі сөздер–лексика-грамматикалық единицалар.
1. Күрделі сөздердің түрлері.

2. Біріккен сөз, олардың басты белгілері.

3. Кіріккен сөздердің пайда болуындағы фонетикалық факторлардың маңызы.

4. Қос сөздер, сипаттары, түрлері: қайталама қос және қосарлама қос сөз. 5. Қысқарған сөздер және олардың түрлері, олардың жасалу жолдары,


Күрделі сөздердің жеке тараулары (біріккен сөздер, қос сөздер, қысқарған сөздер) жайы Кеңес дәуірінің алғашқы кездерінен бастап-ақ тек оқулықтар емес, сонымен қатар жеке ғылымы мақалалық зерттеулер объектісіне айналды да, 40-50-жылдардан бастап ішінара диссертациялық зерттеу тақырыбына көшті. Бірақ жалпы алғанда, қазақ тілі білімінің күрделі сөз мәселесі толық шешіліп болған жоқ. Күрделі сөздердің түрлеріне біріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз, құрама сөз жатады.

Күрделі сөз дегеніміз –синтаксистік қатынастарын жоғалтып, семантикалық мағынасы жағынан да, грамматикалық қызметі жағынан да тұтас бір бүтін тұлға ретінде қалыптасқан тіркес.

Біріккен сөз деп компоненттері мағына жағынан да, форма жағынан да елеулі өзгерістерге ұшырамай-ақ, өз ара бірігіп, жинақталған бір тұтас лексика-семантикалық мағына білдіретін күрделі сөзді айтамыз.

Мысалы: Тасбақа, Екібастұз т.б.Кіріккен сөз деп компоненттерінің я біреуі, я екеуі де бірдей әуелгі өз мағыналарынан айрылып, тұтасымен тұрып басқа бір жалпы мағына білдіретін күрделі сөздерді айтамыз. Мысалы: Сексен, тоқсан, әкел, биыл.

Белгілі бір қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің атауын қысқартып жазуды қысқарған сөздер деп атаймыз. Мысалы: ҚазМПУ, АҚШ, ҚазССР. Қос сөздер қайталама және қосарлама болып екіге бөлінеді.

Қайталама қос сөздер белгілі бір сөздің я қосымшасыз, я қосымшалы түрінің екі рет қайталануы арқылы, я сол сөздің не бір дыбысының немесе бір буынының өзгеріп қайталануы арқылы жасалады. М. Мая-мая, бара-бара, қап-қара т.б.

Қосарлама қос сөздер лексикалық мағынасы басқа-басқа екі түрлі сөзден құралады. М. Ата-ана, үлкен-кіші, ертелі-кеш т.б.

Бақылау сұрақтары:

1.Күрделі сөз деген не?



  1. 2.Күрделі сөздердің түрлері?

  2. 3. Біріккен сөз, кіріккен сөздер дегеніміз не?

  3. 4. Қос сөздердің қайталама және қосарлама түрлері дегеніміз не?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Қазақ тілінің грамматикасы. Алматы,1967

2.Қазақ грамматикасы Астана, 2002

3.Маманов Ы.Қазіргі қазақ тілі Алматы,1966

4. Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі. Морфология Алматы, 1991
4 модуль. Сөз таптары және олардың морфологиялық құрылымы.
12 дәріс тақырыбы: Сөз таптары, оларды таптастырудың ұстанымдары.

1.Қазақ тіліндегі сөздерді семантикалық, морфологиялық белгілеріне қарай бөлу.
2. Атаушы сөздер, олардың ерекшелігі.
3. Көмекші сөздер, оларға тән белгілер. Одағай сөздердің белгілері.
4. Сөз таптарының зерттелуі.

Тілдегі сөздерді топтастыру мәселесі тіл білімі ғылымында алғашқы грамматикалардан басталған. Аристотельдің сөздерді есім және етістік деп бөлгені белгілі. Бір тілдін өзінде сөздер әр заманда түрліше таптастырылып отырғаны белгілі. Мәселен, 1914 жылы баспадан шыққан А.Байтұрсыновтың "Тіл құрал" атты оқулығында сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер деп екі үлкен топқа бөлген. Ахмет Байтұрсынов "Тіл құралдың" 1915 жылғы басылымында сөз таптары туралы пікіріне біраз өзгерістер енгізген. Сөздерді 9 топқа бөлген: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғаулықтар, одағай.

Қ.Жұбанов тілдегі сөздерді басқаша таптастырады. Ғалым сөз атаулыны мүшелі, мүшесіз деп екі топқа бөліп, мүшелі сөздерді түбір және шылау деп бөледі де, мүшесіз сөздерге одағайды жатқызады. Ал түбір сөздерді зат есім, сын есім, сан есім, мезгіл, мекен есімі (қазіргі үстеу), орынбасар (қазіргі есімдік), етістік. Бұл пікір ғылымда орын алып, әбден қалыптасты.

Бұл сөз таптарын А.Байтұрсынов белгілеген, тек Байтұрсынов екі сөз табы деген жалғаулық пен демеулікті Қ.Жұбанов қосып, шылау атағаны ғылымда орнықты. Бұл 8сөз табы қазақ тілі грамматикаларында 1952 жылға дейін өзгеріссіз қолданылып келді. 1952 жылы А.Ысқақов оған еліктеуіш сөздерді қосты. 2002 жылға дейін 9 сөз табы танылып келді. Тек 2002ж. "Қазақ грамматикасында" модаль сөздер сөз табы ретінде қосылып, онда 10 сөз табы берілген.

Сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздер тобын айтамыз. Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық және морфологиялық белгілеріне қарай, ең алдымен үш топқа бөлінеді. Олар- атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер. Атаушы сөздер есімдер және етістіктер деген топтарға бөлінсе, есімдердің өзі атаушы есімдер және үстеуші есімдер болып жіктеледі.Атаушы есімдер іштей зат есім, сын есім, сан есім, есімдік деген сөз таптарына сараланса, үстеуші есімдер іштей үстеу сөздер мен еліктеу сөздерге бөлінеді. Көмекші сөздер ерекшеліктеріне қарай жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер деп аталатын топтарға бөлінеді.

Бақылау сұрақтары:

1.Сөздер морфологиялық және семантикалық белгілеріне қарай нешеге бөлінеді?

2. Сөз таптары дегеніміз не?

3.Қазақ тіліндегі грамматикаларда сөздерді таптастыруды кім, қашан бастады?

4. Құдайберген Жұбанов сөздерді қалай таптастырды?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Қазақ тілінің грамматикасы Алматы,1967

2.Қазақ грамматикасы Астана, 2002

3.Маманов Ы.Қазіргі қазақ тілі Алматы,1966

4. Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі. Морфология Алматы, 1991
13 дәріс тақырыбы: Зат есімнің лексика-семантикалық сипаты.

1.Адамзат, ғаламзат есімдері, оларға тән ерекшеліктер.

2. Жалпы мен жалқы есім, бұлардың семантикалық-морфологиялық сипаты.

3. Көптік мәнді білдіретін зат есімдер.

4. Эмоционалды-экспрессивті мәнді зат есімдер, жасалу жолдары.

5. Көмекші есімдердің қолданылу ерекшелігі.

Зат есім - жалпы грамматикалық мағынасы бойынша заттық ұғымды білдіретін сөздерден тұратын, олардың сандылық, тәуелдік, септік, категориялары бар, баяндауыш қызметінде жақ категориясының көрсеткіштерімен түрленетін сөз табы. Заттық ұғым-зат есім сөздердің лексикалық мағыналарынан абстракцияланған зат есім сөздердің бәріне ортақ мағына. Сөздерді таптастыру ұстанымының 2-түрі бойынша сөз табының грамматикалық құрылымына, грамматикалық сипатына мән беріледі. Бұл ұстаным бойынша зат есімнің сандылық категориясы, тәуелдік, септік категориялары мен олардың көрсеткіштері зат есім сөздердің морфемдік құрамын басқа сөз таптарынан ажырататын белгі қызметін атқарады. Себебі бұл категориялар басқа сөз табында жоқ. Сондықтан олар зат есімнің морфологиялық белгісі деп те аталып жүр. Зат есімді жеке сөз табы деп тану, ажыратудың 3-ұстанымы оның синтаксистік қызметіне байланысты. Зат есім сөздердің негізгі синтаксистік қызметі - бастауыш, толықтауыш болу. Зат есімнің қай-қайсы болсын заттық ұғымды білдіргендіктен, олар негізінен алғанда, біркелкі болғандарымен іштей нақтылық және абстрактілік, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелік және топтық сияқты семантикалық категорияларды қамтиды. Зат есімдердің ішінде даралау және жинақтау ұғымын білдіру қабілеті де жоқ емес. Зат есімнің ішінде өздеріне тән семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері бар кейбір топтар да жоқ емес. Ондай, семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері бар топтарға: адамзат және ғаламзат есімдерін, жалқы есімдерді, көптік мәнді есімдерді эмоциялы-экспрессивтік зат есімдерді, көмекші есімдерді жатқызуға болады.

Көмекші есімдер — негізгі сөздерге телене жұмсалып, олардың кеңістікке (мекенге), уақытқа (мезгілге) қатысын толықтырып, нақтылап тұратын сөздер. Оған алд, арт, аст, қас, маң, жан, іш, туп, сырт, бас, бет, шет, түс, бой сияқты толық лексикалық мағынасы жоқ сөздер жатады. Көмекші есімдер мекенді, заттың жақын-апыстығы (ауылдың шеті, жаны, төңірегі, маңы)\ қыры (көпірдің асты, үсті, бойы); аралығы (екі үйдің ортасы, екі көшенің арасы) тұрғысынан саралап атайды.



Бақылау сұрақтары:

1.Зат есімді сөз табы деп таптастырудың ұстанымдары қандай?

2.Зат есімнің негізгі синтаксистік қызметі не?

3. Көмекші есімдер дегеніміз не?



Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Қазақ тілінің грамматикасы Алматы,1967

2.Қазақ грамматикасы Астана, 2002

3.Маманов Ы.Қазіргі қазақ тілі Алматы,1966

4. Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі. Морфология Алматы, 1991
14 дәріс тақырыбы: Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты. синтаксистік қызметі, мағыналық топтары. Көмекші есімдер.

1. Зат есімнің грамматикалық ерекшеліктері.

2. Зат есімнің морфологиялық сипаты. Зат есімдердің құрылымы туралы.

3. Зат есімнің синтаксистік қызметі.


Зат есім - сөйлемде заттық ұғымға қатысты ойды білдіру үшін қолданылатын сөздер. Зат есім сөздер құрамы жағынан әр түрлі, олар:

  1. Негізгі түбір зат есімдер. Мысалы, аға, ана, әке, ана, су, ағаш, тоғай т.б. Негізгі түбір сөздер грамматикада негізгі морфема деп те аталады, өйткені негізгі түбір зат есімдердің құрамын бөлшектеуге болмайды, ол бІр морфемадан тұрып, лексикалық мағынаны білдіреді. Олар сөйлемге біртұтас лексема, сөз ретінде кіреді.

  2. Сөйлемде туынды түбір зат есім сездер қолданылады. Олардың құрамы негізгі түбір мен сөзжасамдық жұрнақтан құралады (дәрігер), кейде туынды түбір сездің құрамында бірнеше сөзжасамдық жұрнақта болады (ег-ін-ші—лік), бұл туынды түбір сөздің туыңды түбір уэждеме сөзден жасалуына байланысты.

Зат есім – сөзжасамы өте күрделі сөз табы. Зат есімнің сөжасамдық жұрнақтарға өте бай, олардың мағынасы мен құрамында да үлкен ерекшеліктер бар. Зат есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуында сөзжасамдық жұрнақтар арқылы жасалуы жатады. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары деп алуан түрлі сөздерден туынды түбір зат зат атауын жасайтын жұрнақтар аталады. Мыс: тыңшы, қызметкер,арбакеш, сыпырғыш т.б.

Туынды туынды зат есімдердің жасалуына зат есім, сын есім, сан есім, етістік сөздер негіз болады. Осы сөз таптарының сөздерінің негіз болуы арқылы жасалған туынды түбір зат есім сөздер туынды түбір сөздер болып саналады.

Туынды зат есім сөздерге тіліміз өте бай. Зат есімнің сөзжасамында барлық тәсілдердің белсенді кызмет атқаруы туынды зат есім сөздердің молдығына әсері бары сөзсіз. Сондықтан туынды зат есімдердің ішінде туынды сөздердің барлық түрлері бар. Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды түбірлер, аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздердің барлық түрі, лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған туындылар тілде баршылық.

Туынды зат есім сөздердің түрлі тәсілдер арқылы жасалуына байланысты туынды зат есім сөздердің құрамы да алуан түрлі. Туынды зат есімдердің жасалуында негіз сөз кызметін зат есім сөздермен бірге басқа сөз таптары да атқара береді.

Туынды түбір зат есімдердің жасалуына зат есім, сын есім, сан есім, етістік сөздер негіз болады. Осы сөз таптарының сөздерінің негіз болуы арқылы жасалған туынды түбір зат есім сөздер туынды түбір сөздер болып саналады.Туынды түбір зат есім сөздерді жасайтын тілде 110 шамалы жұрнақ бар. Олар құрамы, мағынасы, қызметі жағынан алуан түрлі.

Жалаң жұрнақтар деп құрамы бөлшектеуге келмейтін жұрнақтар аталады. Мысалы, -шы, -ші, -кер, -гер, тыр, -тір, -ыр, -ес, -ық, -ша, -сын сияқты т.б. жұрнақтар бір морфемадан тұрады, сондықтан олардың құрамы бөлшектенбейді. Құранды жұрнақтар деп құрамы ең кемі екі морфемадан тұратын жұрнақтар аталады. Мысалы, -шылық, -шілік, -қыншақ, -ынды, -палық, -малық, -мшы, -нда жұрнақтарының құрамы екі морфемадан тұрады, яғни олар бұрын екі жүрнақ болған.



Бақылау сұрақтары:

  1. Зат есім сөзжасамында сөзжасамдық тәсілдердің бәрі
    белсенді қызмет атқара ма?.

  2. Зат есімнің сөзжасамдық бірліктері қандай?

  3. Зат есім неге үнемі туынды сездермен толығып отырады?

  4. Зат есімдегі туынды зат атаулары неге түрлі-түрлі?

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Аханов К. Күрделі сөз және оған тән белгілер. Алматы, 1972ж.

  2. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.

  3. Қалиев Ғ. Қазақ тілінің сөзжасам мәселелері. Алматы, 20002ж.

  4. Салқынбай А. Қазақ тілінің сөзжасамы. Алмаы, 2003ж.

  5. Сарбалаев Ж. Сөзжасам мәселелері. Алматы, 2002ж.

15 дәріс тақырыбы: Зат есімдердің сөзжасамы.


1. Күрделі зат атауының жасалуы.

2. Есімдерден зат атауын жасайтын жұрнақтар

3. Етістіктен зат атауын жасайтын жұрнақтар.
Зат есімнің сөзжасамдық жұрнактарының ішінде мұндай көп мағыналы жұрнақтар бірсыпыра -ым, ім, -дақ, -тақ, -шық, -шік, -мыс, -міс, -ма, -ме, -ба, -бе т.б. -Ым, -ім жұрнағы математикалық терминді білдіреді: бөлім, алым, заттық ұғымды білдіреді: білім, өлім, өсім, өнім, тыйым, мөлшер мәнді білдіреді: шақырым, тұтам, тамаққа қатысты ұғымды білдіреді: жем, тілдік термин жасайды: сөйлем, мекен мәнді білдіреді: жайылым, бөлім.-дақ, -пақ, -тақ. Бұл жұрнақ тамақ атауын жасайды қуырдақ, нактылы зат атауын жасайды суыртпақ, қидақ.

-шык, -шік нақтылы зат атауын білдіреді: ойыншық, қапшық, кішірейту мәнін білдіреді: көлшік, үйшік, өсімдік атауын білдіреді: жуашық. -мыс, -міс нақтылы зат атауларын жасайды: тарамыс, тұсамыс, дерексіз ұғымды зат атауларын жасайды: болмыс, тұрмыс, қылмыс, өсімдік атын жасайды: жеміс.

Өнімді жұрнақтар деп тілге талай туынды зат атауын берген, қазір де сөзжасамдық қызметін жоғалтпаған жұрнақгар аталады. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтарының басым көпшілігі өнімді жұрнактарға жатады. Олардан мыналарды атауға болады :

Өнімсіз жүрнақтар да бірсыпыра, олардың біразы ғана келтірілсек.

-гек діңгек, -деу белдеу, -шын құлакшын, -кір түпкір,-арт мұзарт, -қат жарақат -пек пішпек, -лғы жоралғы, -еке бәсеке, -қа кырка -анак шұқанақ, -қалаң шатқалаң, -ақай итақай, -пан балапан, -қай алаңқай.

Туынды зат атауларын жасауға жұрнақпен қатар негіз сөз де қатысады. Туынды зат атауларына түрлі сөз табының сөздері негіз болады, олар зат есім, сын есім, сан есім, еліктеуіш сөздер, етістік Олардың жұрнақтарында да айырма бар. Ол айырма есім сөздер мен етістік арасындағы жұрнақтарда анық байқалады. Сондықтан оларды бөліп қарастырған дұрыс. Олар: 1) есім сөздерден зат атауын жасайтын жұрнақтар, 2) етістіктен зат атауын жасайтын жұрнақтар.

Есімдерден зат атауын жасайтын жұрнақтар 1. Лексикалық мағынаны өзгертетін жүрнақтар

Лексикалық мағынаны өзгертетін зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтарының мағынасы түрлі-түрлі, оларды түгел көрсету мүмкін емес.Біз солардың ішіінен 13 мағыналық түрін берсек.

1 Мамандық мәнді жұрнақтар

Кәсіп, мамандық мәнді сөз жасау тілде қай заманнан бері бар. Казір тілде мамандық мәнді мынандай жұрнақтар бар: -шы/-ші, -кер/-гер, -паз, -пан, -юш, -лык/-лік. Бұл жұрнақтар мамандық атауын жасап, белгілі бір кәсіппен шұғылданатын адамды білдіреді.

Мысалы, Әнші,дәрігер, аспаз арбакеш. Бұл жұрнактардың бәрі қазір тілде бірдей қызмет атқармайды. Бұлардың ішінде -шы/-ші, -кер/-гер жұрнақтары өнімді қызмет атқарады. Кейінгі кезде -кер/-гер жұрнағының қызметі бетсенділікке көшті. Мысалы, жүлдегер, сәулеткер т. б.

2 . Орын-жай мәнді жұрнақтар. Тілде ел түрағын, орын-жайды білдіретін жұрнақтар бар. Олар -стан, -кент, -кент жұрнағы да мекен атауларын жасайды. Мысалы, Жаркент, Манкент, Шымкент.

-хана мекеме, орын-жай мағынасын білдіреді. Бұрын өнімсіз саналатын бүл жұрнақтың қазір өнімділігі артып келеді.

3.Лауазым атаулары мәнді жұрнақтар.

Билік, лауазым мәнін тудыратын жұрнақтар -дык/-тық,

-лық/-лік патшалық, хандық, сұлтандык, болыстык, әкімдік, төрелік, ұлықтык, билік, бектік. Бұл лауазым атаулары қазір ескірген. Бірақ бұл жұрнақ арқылы жасалған лауазым атаулары қазір де бар. Мысалы, бастық, министрлік, офицерлік, адвокаттық, капитандық т. б

4 Кісі аттарын жасайтын жұрнақтар.

Кісі аттарында жиі кездесетін біраз жұрнақтар бар. Олар -зада, -қан, -жан, -бай, -бек.-зада, -зат Мысалы, Гүлзада, Бекзада, Асылзада т б.

5. Салт-дәстүрге қатысты атаулар жасайтын жұрнақтар
-лык/-лік, -дык/-дік, -тық/-тік құдалық, базарлық, калыңдық т.б.
-ын үрын бару .

6 Туыстық атаулар жасайтын жұрнақтар

-лык/-лік, -дық –дік, -тык/-тік ағалық, жиеңдік, туыстық, токалдық туыстас, қаңдас .

7 .Тағам атауларын жасайтын жұрнатар:

-дык, түздык, уыздык

-не сірне

8. Дене мүшелері атауларын жасайтын жұрнақтар:

-тық, шоқтык, колтық, шашылық, кекілдік.

9. Мезгіл атауларын жасайтын жұрнақ:

- лық апталық, күздік, айлық, жетілік, жылдык, қыстық т. б

10. Дерексіз мәцщ зат атауларын жасайтын жүрнак.
-лық-лік, -дык/-дік, -тык/-тік ғұламалық, әзәзілдік, зұлматтық.
-ым/-ім, -м қайрым, мейрім қарым

-шілік/-шылық кәріпшілік, мүмкіншілік, бейбітшшк, шүкіршілік, адамшылык, әурешілік.



ч. 1 ч. 2 ч. 3