Сынып Куранбекова Гульназ Бейсбаевна

ч. 1
Әдебиеттік оқу

(2-сынып)



Куранбекова Гульназ Бейсбаевна

Алматы қаласы, Алмалы ауданы,

Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияның

бастауыш сынып мұғалімі



Сабақтың тақырыбы: «Қажымұқан» С.Сейфуллин

Сабақтың мақсаты:

Білімділігі: Қазақтың атақты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы білетіндерін жаңа мағлұматтармен кеңейте түсу.

Дамытушылығы: Көркем шығарманы мәнерлеп оқуға, түсінгенін жүйелі баяндай білуге машықтандыру.

Тәрбиелілігі: Оқушылардың спорт әлеміне деген қызығушылығын арттырып, оның пайдасы жөнінде айтып, алып күш иесін құрметтеуге және спортты сүюге баулу.

Сабақтың түрі: дәстүрлі

Сабақтың типі: аралас

Сабақтың әдістері: мәнерлеп оқу, негізгі ойды ажырату, баяндау, оқығанды қара сөзбен баяндау, талдау, елестету, ассоциациялау, зерттеу, ізденімпаздық, көрнекілік.

Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, кеспе қағаздар, Ғ.Мұстафиннің, С.Сейфуллиннің, Қ.Мұңайтпасовтың суреттері, видео.
Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі:

- Сыныптың дайындығын тексеру;

- Оқушылардың сабаққа зейіндерін аудару.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:


  • «Ғабиден ата ғибраты» әңгімесінің мазмұнын сұрау;

  • Кеспе қағаздар тарату:

  1. Әңгіме кім туралы?

  2. Ғабиден атаның еңбекқор екенін қалай білуге болады?

  3. Жазушының ғибрат сөзін қалай түсінесіңдер?

  4. Ғабиден атаның өмірі туралы не білесіңдер?

Ғабиден Мұстафин

Ауыл молдасынан ескіше сауат ашып, 4 жасында Спасскі зауытының табельшісінен бір жыл орысша оқиды. Сондағы бес жылдық орыс-қазақ мектебін бітірген (1916). 20-жылдардан бастап ауылдағы кеңес жұмыстарына араласты. 1925 жылдан білімін көтеру мақсатында Қызылордаға келіп, оқуға түсе алмай, өлкелік сотта іс-қағаздарды тіркеуші болып істеді. Түскен шағымдарды негізге ала отырып, ел ішіндегі заңсыздықтар туралы мақалалар жазуға үйренді. Жазушылыққа ұмтылысы да осы кезеңдерден басталды.



ІІІ. Үй тапсырмасын пысықтау:

  • Сұрақ-жауап арқылы өткен сабақты пысықтау;

ІҮ. Сабақтың мақсатын қою:

  1. Өлеңді мәнерлеп, түсініп оқуға баулу;

  2. Өлең мазмұны бойынша сұрақтарға жүйелі жауап беруге үйрету;

  3. Өлең мазмұны бойынша ой қорытындылай білуге баулу.

Ү. Жаңа сабақ.

1. Психологиялық дайындау.

- Балалар, біз бүгінгі сабақта ғарыш кемесін құрастыруымыз керек. Үш бөлікке бөлінген ғарыш кемесін құрастырып, биікке самғап ұшуымыз қажет. Ол үшін сабақта барлық тапсырмаларды дұрыс орындауға тиіспіз.

Оқулықпен жұмыс.


  • Өлеңді мәнерлеп оқып беру

  • Мазмұнымен таныстыру

  • Оқушыларға тізбектей оқыту

Қажымұқан

Көсілген Көкшетаудың даласынан,

Көк майса сансыз өлке саласынан.

Шолақпен тете шыққан Қажымұқан,

Оралған көк Есілдің жағасынан.


Дүңкілдеп жұртқа даңқы Мұқан шыққан,

Жасынан тең құрбысы түгел ыққан.

Нан піскен кеудесіне палуандар

Түксиіп Мұқан келсе, жым боп бұққан.


Аралап талай жерді, сан қаланы,

Күресіп талай алып дәуді жыққан.

Ел кезіп елден асқан палуанның,

Талайын қол ұшымен ойнап сыққан.


Сан палуан көрген байқап оның күшін,

Қалтырап, ол тигізсе қолдың ұшын.

Мұқанды ойда, қырда білмеген жоқ,

Күшіне сүйсінгендей үлкен-кіші.




  • Автор туралы мағлұмат беру:

Сейфуллин Сәкен (Сәдуақас) (1894 - 1938) – ақиық ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері. Ақмола уезі, Нілді болысында дүниеге келген. Туған жері әкесінің қыстауы Ортаудағы Қарашілік (қазіргі Шет ауданының жері) деп аталып жүр. Ал туысқандары Ә.Ахыбеков, С.Бармұханбетовтердің айтуынша күз айларында, Иманақтауларына жақын жерлердегі Сейфолланың жайлауында (қазіргі Жаңаарқа ауданының жері), қыстауға көшпей тұрғанда туған.

Әдеби шығармаларынан: 1914 ж. «Өткен күндер», 1922 ж. «Асау тұлпар» өлеңдер жинағын шығарды. 1917 ж. «Бақыт жолына», 1920 ж. «Қызыл сұңқарлар» пьесаларын жазды. 1924 ж. «Домбыра», 1926 ж. «Экспресс», 1928 ж. «Тұрмыс толқынында» жинақтарын, 1927 ж. «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесі мен «Жер қазғандар» повесін, 1929 ж. «Көкшетау» поэмасын жариялады. 1933 ж. «Альбатрос», «Қызыл ат» поэмаларын, 1935 ж. «Социалистан» атты өлеңдер жинағын шығарды. 1934 – 35 жж. Дейін «Айша» әңгімесі, «Біздің тұрмыс» романы, «Жемістер» атты публицистикалық хикаяты, көптеген өлеңдері жарық көрді.

Сәкен қазақ жазушыларының ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1937 жылы Сәкен Сейфуллин «халық жауы» деген айып тағылып ұсталып, 1938 ж. 23 ақпанда Алматы қаласында атылды. 1957 ж. 21 наурызда бұрынғы қылмыстық ісі тоқтатылып, толық ақталды.


  • Қажымұқан туралы айту.

Тарихи деректерге сүйенсек ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел деген ауылда дүниеге келген. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп, күреске түсіп, той томалақтарда елге көрініп, бала балуан деген атқа ие болған.

Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу — сол заманда нағыз ерлік еді.




  • Видеодан Қажымұқан туралы үзінді көрсету.


ҮІ. Жаңа алынған білімдерін тексеру

Сұрақтарға жауап алу және тапсырмаларды орындау.

  1. Ақын Сәкен Сейфуллин өлеңді кімге арнап жазған?

  2. Қажымұқан Мұңайтпасов туралы не білдік?

  3. Өлеңде Қажымұқан ата бейнесі қалай суреттелген?

  4. Қазір еліміздің атын шығарып, туымызды көкке көтертіп жүрген қандай палуандарды білесіңдер?

Дәптермен жұмыс.

Спорт, денсаулық тақырыбына мақал – мәтелдерді дәптерлеріне жазу.



  1. Тер шықпаған кісіден, дерт шықпайды.

  2. Тәні саудың – жаны сау.

  3. Ауру астан, дау қарындастан.

  4. Бас ауырса, жан қорқады.

  5. Тазалық – саулық негізі, Саулық – байлық негізі.

  6. Жарлының байлығы – денінің саулығы.


Сергіту сәті.

Секіреміз топ-топ,

Шапалақтап көп-көп.

Иiлемiз оңға қарай бiр,екi,үш,

Иiлемiз солға қарай бiр,екi,үш.

Оңға, солға бұрылдық,

Алға, артқа иілдік.

Тіземізді бүктіріп,



Қолды создық тік тұрып.

ҮІІ. Жаңа сабақты бекіту (қорытындылау)


  • Балалар, біз бүгін күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасов туралы көп нәрсе білдік. Біздің сыныптан да осындай палуан жігіттер шығып, барлығымыз өзіміздің құрастырған ғарыш кемемізбен олимпиада ойындарына өтетін елге ұшып барайық.

Ғарыш кемесінің барлық бөліктерін құрастыра отырып, сабақты қорытындылау.

Үйге тапсырма беру.

  • Өлеңнің ұнаған шумағын жаттап алу.

  • Қажымұқан ата туралы әңгіме жазу.

ч. 1